Шәкәрім Құдайбердіұлы (Бояулы суыр)

 Шәкәрім Құдайбердіұлы (Бояулы суыр)

Бiр суыр адасыпты оттап жүрiп,
Кез болды бiр ауылға көп қаңғырып.
Ит қуалап тыққан соң иесiз үйге,
Бояу толы шелекке кеттi кiрiп.

Қараңғы түн болғанша сонда жатты,
Үстi-басы бояуға әбден батты.
Ит кеткен соң шелектен шықты-дағы,
Таңға жақын өз iнiн әзер тапты.

Бiраз ұйықтап‚ оянды демiн алып‚
Байқады өз үстiне көзiн салып.
Қараса, тамам жүнi құбылып тұр‚
Ойланды жүнiн көрiп қайран қалып.

Болады кейде жасыл, кейде сары,
Құлпырып, түрленiп тұр жүннiң бәрi.
Көрмеген өмiрiнде бiр түрлi түс,
Суыр деп айтар емес жолдастары.

Бұл суыр түрiн көрiп көп ойлады,
Бейшара түктi бiлмей неге ойлады.
«Құдайдың сүйген аңы мен екенмiн,
Болдым ғой қасиеттi»‚ – деп ойлады.

Шақылдап шақырған соң дыбыс берiп,
Көп суыр жиылады мұны көрiп.
«Батыр-ау, қалай болып қалғансың?» – деп,
Таңырқап, таңқалады бәрi келiп.

«Бiр құс бар Тауыс деген жүнi асыл,
Берiптi құдай маған сондай нәсiл.
Болыппын бүгiн түнде мен де Тауыс‚
Аң бар ма бұ дүниеде менен асыл?

Тауыс деңдер менi ендi, суыр демей,
Қорқыңдар рұхсатсыз шөп те жемей.
Жүнiм асыл, сендерден түрiм бөлек,
Немене мен суырдың патшасы емей!»

Суырлар шыны қорқып жөн көредi,
Түрi жат, бұған қайтiп тең келедi?!
Iн түбiнде бар екен кәрi суыр,
Аяңдап ең соңында сол келедi:

«Жаным-ау, маза бермей шақылдадың,
Мақтанып, өз сөзiңдi мақұлдадың.
Жүнiң асыл болғанмен, өзiң суыр,
Қалайша Тауыспын деп тақылдадың?

Тауыс деген сайрайды, ән салады,
Дауысын естiген жан таң қалады.
Қане, сен де сайрашы, Тауыс болсаң,
Әйтпесе бұл сөзiңе кiм нанады?»

Сайраймын деп қарады шиқыл қағып,
Терге батып‚ көзiнен сорасы ағып.
Келтiре алмай, сiлесi әбден қатты,
Суыр үнi ұқсасын құсқа нағып.

Кәрi суыр айтады: «Кел‚ қой, жаным,
Тауысқа ұқсамайды сенiң әнiң.
Ұшқан құс пен жердегi аң бiр бола ма,
Қанатың жоқ екенi елге мәлiм».

Жетпей, сiрә, қойман деп осы сepткe.
Суыр байғүс iлiндi мақтан дертке.
Мен де ұшам деп бiр тасқа шығып алып,
Пәрменiнше қарғыды арғы бетке.

Бояуына мақтанып босқа шатып‚
Құс болып ұшамын деп құдай атып.
Арғы бетке жете алмай, жолға түсiп,
Ағын суға күмп етiп кеттi батып.

Жiгiттер, бұл суырды қылма мазақ,
Осыдан естiлерiң болады аз-ақ.
Бояуды да бағым деп күн өткiзiп,
Қол жетпеске ұмтылған көп қой қазақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады