Атақты ұры мен айбынды жолбарыс

 Атақты ұры мен айбынды жолбарыс

Бір атақты ұры болыпты. Ол жапанда жаяу келе жатып бір керуеншілерден мінетін ат сұрайды. Керуеншілер басы артық ат жоқ екенін айтады. Ұры:

— Бәлем, қолыңнан бермегенді жолыңнан алармын,–деп керуеншілердің соңынан еріп отырады. Кеш болып, түн қараңғысын жамылғанда, керуеншілер бір тоғайдың шетіне келіп қонады. Ол тоғайда керуеншілерді тонайтын бір жыртқыш жолбарыс бар екен. Керуеншілер от жағып, көліктерін байлап тастап отырғанда, жолбарыс таяп келіп оттың сөнгенін бағып тұрады. Сол кезде ұры да жолбарыстың арт жағынан келіп керуеншілердің ұйқыға кетуін күтеді. Керуеншілер ұйықтады-ау деген кезде, ұры таяп келіп, ең жақын тұрған шұбарға сап етіп қарғып мінеді. Шұбар ат шошып ыта жөнеледі. Сонда ұрының салған әні:

Айтайын, айтагенің пай... шұбарым.

Осындай бір ат еді ынта зарым.

Жортқанда бүгін түнде жолым болып,

Тағдырым жолықтырды, мәдет кәрім, шу жануар, – деп тепкіленіп қояды. Сонда жолбарыс та:

Құдай-ау, айналайын табыстырдың,

Арқама кетпестей ғып жабыстырдың.

Қазамның бүйтіп жүріп жеткені ме,

Қысып ап екі өкпемнен жабыстырдың, – деп зыта береді. Таң атып, күн шыққанда, ұры мінген ат емес, жолбарыс екенін көріп:

— Бәсе неге шаршамайды, жүрісі аттан бөлек десем, тез құтылайын деп қорқа бастайды. Зытып келе жатқан жолбарыс екі ағаштың арасынан өте бергенде, бұтақтан ұстап, ұры ағаштың басында қалып қояды. Әбден дымы құрып шалдыққан жолбарыс, бір қамыстың түбіне келіп басын көтере алмай жатқанда, қасына маймыл келіп:

— Қайтпайтын қарайғаннан батырсың, бұл арада сілейіп неғып жатырсың, – деп сұрайды. Сонда жолбарыс:



Маймылым көрер едің шапқанымды,

Шабарға шамам келмей жатқанымды.

Жол тосып жолаушыны тонаймын деп,

Ұрының тақымынан тапқанымды, – дегенде

Маймыл:

Болса да саған қиын маған оңай,

Ұрыны бұл жасымда көрдім талай.

Тоғайдан орын теуіп тұрғызбайық,

Бәлемді өлтірейін бара сала-ай, – деп тұра ұмтылады.



Жолбарыс:

Өлімге басты байлап бармас деймін,

Арқаңа бір жабысса қалмас деймін.

Адамның айласы артық, қайласы көп,

Бір түнге мініп алса, талмас деймін, – дейді.



Сонда жолбарыстың айтқанына көнбей маймыл ұрыға барып, өрмелеп ағаш басына шығады. Ұры да қайла іздейді. Жейдесін шешіп тұзақ еседі де, маймылдың енінен іліп алып тарта бастайды. Жан дауысы шыққан маймылға жолбарыс келіп:

Маймылым, барма десе болып па едің,

Қиын іс бұдан басқа көріп пе едің.

Несіне шыдай алмай бақырасың,

Дегенге қайласы көп көніп пе едің, – деп одан ары қаша жөнеледі.

Керуеншілер күн жүріп, ұрының қасына келіп қонады. Ұры керуеншілерге өткен түнгі көргендерін айтады. Керуеншілер:



– Япырым-ай, осы жігіт зерек екен,

Қайласы өзге жаннан бөлек екен.

Жолбарыс жолаушының жауы еді,

Бір атты бұл жігітке бермек екен, – деп араларынан ат шығарып жігітке мінгізіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 065



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі