Cәбит Мұқанов (Тау бүркіттері)

 Cәбит Мұқанов (Тау бүркіттері)

Түн.
Қыс.
Боран.
Ышқынған долы дауыл,
Қопарып ұшырғандай Кавказ тауын!
Тынысын тарылтқан түн тауды таптап,
Қозғалтпайды, салмағы зілден ауыр.
Еңсесін Эльбрустық көтертпей бұлт,
Ақ басын айдаһардай айналып шырқ,
Каспий мен Қара теңіз қамай толқып,
Тербетсе де камал тау етпейді тырп.
Сол түнде Эльбрустан биік ұшып,
Топшысын бірде жазып, бірде қысып,
Мұз балақ, темір тұяқ, болат қияқ
Жүйткіді желге қарсы қыран жосып.
Түн тонын талмай тіліп алмас қанат,
Долданған дүр дауылды бетке сабап,
Булықпай боранға ол, тартады жол
Таммерфорс жағына көзін қадап.
Қапалақ қарынан мол қырау-қыстық
Қадаған көздерінен ұшты ұшқын,
Таммерфорс ішінде тау бүркіті -
Білген барын Лениндей қыран құстық.
Халыққа елестейді қыран Ленин:
«Тең болсын оған басқа қыран ненің.
Денесі дүниедей, көзі күндей,
Түктері тоғайдай бір болар керім.
Бар болар басы бейне жер шарындай,
Миы жердің уызы - от жалындай,
Қара теңіз, Каспийдей толқынды ой,
Сөзі тасты төқкерген долы ағындай.
Ыстыққа, суыққа да піскен құрыш,
Боп туған еқбекшіге бақыт, ырыс.
Тарихтық тар кезеңін тауып ұшқан
Тау бүркітін ізденіп табу дұрыс...»
Қақалтпақ боп қырауын қатырды бұлт,
Жолдан жазсын деп қарын сапырды бұлт,
Халық жолдан жазбады, жайқағанда
Қауырсын қанаттарын жапырды бұлт.
Халыққа жел мен бұлттық жетпеді әлі,
Жүйткіп ол бұлттан да кетті әрі,
Ар жағы ашық аспан, сансыз жұлдыз,
Жымыңдап жаутаңдады, шат боп бәрі:
«Адамның айға шапқан арыстаны,
Жауыңды жанышпақ боп алысқалы,
Боранды бөгет көрмей, түнді түйреп,
Барасын бас қыранға табысқалы»
«Мұзбалақ, отты көзді, қырау қабақ,
Темір топшы, жез тұяқ, алмас қанат,
Қылыш қияқ, кең кеуде, ілгір тұмсық
Шабытың келген екен баппен жарап!
Ұш қыран, жоғары ұш, ұш күнді құш!
Адамға артық біткен күннен де күш.
Күнді билеп көрсетсең көзін жерге,
Түріліп түн, құриды қыраулы қыс!»
Жұлдыздың жымыңдарын ұғып, біліп,
Жарқылдап жайдай жүйткіп келеді ұшып,
Түн таптаған таудағы, жазықтағы
Жандарды ойға алса, қаны ысып,
Теңіздей теуіп жүрек, жанып кегі;
«Әй, бәлем жайратамын жауым сені!»
Деп тісін қайрағанда, вулкан жарған
Тарсылдайды таудай боп тістің мөрі.
Қараңғы түнек түнде қырағы көз,
Болған-ды түгел көріп жолында кез,
Ленинге баяндауға барлық сырын
Қанатын қажымастан қағады тез.
Боран ба, Қасқыр ма, я адамзат па?
Ұлыған, зарланған үн етек жақта.
Жабырқап жаны ашиды халық түгіл,
Тас жүрек Қазбек пен кәрі Шат та.
Айтысып бір заманда Қазбек, Шат:
Батысты батыр деген, Шығыс қорқақ,
Біз бөлекпіз ол ойдан, Ленин жаққан
Жұлдызға жер жүзінде еңбекші ортақ.
Лениннің жұлдыз жаққан жолы құрыш,
Бетіңді құрыш жолға бұр да дұрыс,
Құрыш жолмен жөнеңдер жарық жазға,
Жалпы құл, қол ұстасып: батыс, шығыс».
Шаңқылдап шығарғанда өткір үнді,
Түседі найзағайдай тіліп түнді,
Сескеніп сырғып, қасқыр борсық, жылан
Жартасқа жүгіреді іздеп інді.
Осылай ұшып қыран түнді жарып,
Ішіне Таммерфорс қонды барып,
Сенбеді өз көзіне өзі біраз
Ленинді кәргенінде алғаш танып.
Танысты. Тілге келді. Түсіністі.
Жайдары мінез, мақсаты, ісі күшті,
Сыпайы сөз, логика мылтықтан тез,
Батырланып бастайды қорықпай істі.
Мүлтіксіз тіл мен қолы бірдей мерген,
Жерінде мақтанбайды жауын жеңген,
Табанын басқан жолдан аудармайды.
Көпшілікке, өзіне берік сенген.
Мың жылды минутында түгел шолып,
Төңкеріс жұмбақтарын тура жорып,
Тым тез-ақ таниды екен тау бүркітін
Табының тұғырына тұрған қонып.
Қыраным, Кавказ тауын келген орап,
Болмаған бөгет дүлей боран борап,
Ісің түсің, қайыспас сталь екен
Қайратына атың сай - болсын Болат.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Қазақстан пойыздарында үй жануарларын тасымалдау ережелері
» Қазақстандықтар шетелге шығуға жылына қанша жұмсайды?
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді