Өлеңдер ✍️

  27.09.2022
  96


Автор: Арқалық Әмәлиятұлы

Күнікей көктем

Жаңбырға малшынған көктемнен,
Мен өзімді көрдім.
Ол сағынған, жүдеген,
Сағынышы үдеген,
Іздейді өз- өзін өткеннен.
Жаңбырға малшынған көктемнен,
Мен сені көрдім.
Сен үнсізсің,
Ойлайсың ертеңді,
Қорқасың өткеннен- кеткеннен.
Жаңбырға малшынған көктемнен,
Мен оны көрдім.
Ол да сағынған,
Жауын ба, жасы ма белгісіз,
Ешқандай сөздерге сенгісіз,
Барлығын жек көрген.
Жаңбырға малшынған көктемнен,
Мен достарымды көрдім.
Олар біледі…
Күледі маған,
Шақырады мені,
Туған жер- Көкбелден.


Жаңбырға малшынған көктемнен,
Мен елесті көрдім.
Ол жынданып, шашын жұлып,
Қорқытты мені,
Шаршаған өтірік уәдеден, серттерден.
Жаңбырдың әрбір тынысынан,
Мен көктемді көрдім.
Өткенді көрдім, сәулем- ай.
Ол- көз жасын төкпеді,
Өкпелі біреуге...
Мұңлы әуен әлемді тербедіДәурен- ай...
Жаңбырға малшынған өзімнен,
Мен сағынышты көрдім.
Ол іздепті бүгін мені,
Мен оны шақырдым,
Ол ұзақ күбірледі:
Бәрі де өткен- Күнікей көктем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу