Өлеңдер ✍️

  24.09.2022
  149


Автор: Шөмішбай Сариев

Бұдан басқа не керек екеуімізге?

1. Қыранға – қанат болса самғай-тұғын,
Тұлпарға – тұяқ болса талмай-тұғын,
Су болса – шөл далаға қанбай-тұғын,
Адамға достар болса танбай-тұғын.
Қол жеткен қия шыңға кезімізде,
Мақтансақ, мадақтасақ көзімізге,
Жақсы сөз – жарым ырыс екенін біз,
Сезінсек, сезіне алсақ өзімізде,
Бұдан басқа не керек екеуімізге,
Екеуімізге-ай!
2. Жер-Ана – алып құрсақ аман тұрса.
Жарқырап, жұлдыздары жанып тұрса,
Сәбиге – әке-шеше тірі болып,
Шаршамай ұлы еңбектен халық тұрса,
Ауруға – ем табылса айықтырар,
Құшағын – бақыт болса жайып тұрар,
Сүйеніш болса егер барлық жанға,
Өмірдің жолдарынан тайып құлар,
Бұдан басқа не керек екеуімізге,
Екеуімізге-ай!
3. Қиядан ел бақытын бұрын көрсе,
Жырлар туса – кірпігін түн ілгенше,
Мәңгілік, өлгендерге – құрмет болып,
Баянды тірілерге ғұмыр берсе,
Еркіндік ел аңсаған – ерек күн ғой,
Әділдік өз алдына – бөлек тұр ғой,
Осынау дүниеде бұдан басқа,
Сен – маған, мен – саған керекпін ғой!
Бұдан басқа не керек екеуімізге,
Екеуімізге-ай!
Бұдан басқа не керек екеуімізге,
Екеуімізге-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу