Өлеңдер ✍️

  23.09.2022
  149


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Ұлт тағдырын ойласаң...

Келімсектер төбеңде құтырмасын десеңіз,
Милиардтап жымқырып сытылмасын десеңіз,
Қазақ деген атауың ғайып болған КазСадтай
Доктрина ырқына жұтылмасын десеңіз,
Секталарға сананы ілгізбесін десеңіз,
Кеден-одақ жат жұртты кіргізбесін десеңіз,
Өз жерінен шығатын өнімі жоқ қазақты
Өкшесінен алыптар жүргізбесін десеңіз,
Балықшылар, шахтерлар қырылмасын десеңіз,
Қызылағаш тағдыры ұрынбасын десеңіз,
Байқоңыр мен Балқашты протонмен атқылап,
«Шұбар жылан» ішіңде тығылмасын десеңіз,
«Сан тұғырға» тілімді талатпасын десеңіз,
Мұнай, мысқа әркімді жолатпасын десеңіз,
Қолды болған жерімді қайтарудың орнына
Қытай, өзбек, орысқа таратпасын десеңіз,
Бала сатып шетелге қорламасын десеңіз,
Қазақ түгілі қырғыз да сорламасын десеңіз,
Аңқау елдің алдында патшалықтың міндетін
Партияның атынан жолдамасын десеңіз,
Еуроодақ бір пәле шақырмасын десеңіз,
Сауда ұйымы нарқымен жапырмасын десеңіз,
«Елу ел» деп аңдамай бар байлықтан қағылып,
Қанмен келген азаттық сатылмасын десеңіз,
Байрағыңды басқа жұрт құлатпасын десеңіз,
Шерлі қазақ өзді-өзін жылатпасын десеңіз,
Руға, жүзге, сектаға, партияға бөлуді
Тоқтатыңдар, азаттық тұрақтасын десеңіз!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу