Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  304


Автор: Мыңбай Рәш

Сілтей бер, сілте, жүйрігім...

Сілтей бер, сілте, жүйрігім,
Қырандай құйыл ғарыштан.
Қолымда бүгін билігім –
Тамырын тартқан алыстан!
Көгілдір туға айшықтап
Тәуелсіз елім таңбасын,
Жоталы шаққа ой жұптап
Толтырдым дәнге қамбасын.
Алты елі Еуропаңыздың
Сиярдай ғажап қанжағам,
Тарихпын,
Дастан,
Аңызбын –
Татулық – жолым таңдаған!
Қанатын ұшақ талдырған
Далам бар
Кербез, көсілген.
Кіндігін кенге малдырған
Дүрлеген дәулет, несібем!
Алтын дән күзде сыбдырдан,
Төрт түлік түзде мыңғырған.
Ширығып қолы шылбырдан
Малшылар ісін тындырған.
Қыруар ұлттың Отаны
Жұдырықтай боп жұмылған.
Алты қыр асып жатады
Сазды әні самғап қыдырған.
Тайталас, жанжал жоламас,
Өң тұрмақ кірмес түске де.
Дәстүрі дархан аралас
Тойы – бір, бірге – істе де.
Көп ұлттың басы біріккен
Бой созды Ассамблея!
Береке, бірлік кіріккен
Достыққа білек білейді, Ә!...
Жетелі ой өрбіп мұнда да
Елбасы алды тізгінді.
Тілекке толы әр күн жаңа,
Жоспарын жаңа сыздырды.
Тірлік те бірлік – бәрі де
Арналды халық бағы үшін.
Топшылап бері, әріге,
Әспеттер әрлі намысын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу