Өлеңдер ✍️

  21.09.2022
  121


Автор: Аманғазы КӘРІПЖАН

Махамбет пен Жәңгiр

Дұрыстар мен бұрыстардың түр-түсiн
Айыра алмай мұң да өзгерттi күлкiсiн.
Бақидағы теңдiк жатты мүсiркеп
Фәнидегi теңсiздiктер қырқысын. –
Толғағына жетсе заңды теперiш
Өз ырқына бой алдырмай өтер iс.
Екi арыстан – Махамбет пен Жәңгiрдiң
Қылықтары – не құптарлық,
Не терiс...
Жәңгiрдегi сұсы басым мәртебем,
Махаңдағы мысы басым мәрт өлең
Оң-терiстiң қыспағынан дәлдiктi
Тарта алмады екi ұдайы дәртемен.
Мәңгiлiктiң алқымынан тағы ұстап
Ит шығыстар Тәңірмен де алыспақ.
Сананың да «терiстеудi терiстеу«
Сөлiн жұтып бара жатыр жаныштап.
Нұрды оларға Тәңір де артық төккесiн,
Екi ақсүйек – дарыны үстем,
Көпке – сын...
Махаң жеңсе айы туған оның да
Тiлер ме едiк Жәңгiр болып кетпесiн.
Бәрi заңды,
Бостандықта – қаталдық,
Қыр астынан шаң жүгiрсе от алдық.
Кiнәлi оған емес шығар қос арыс,
Кiнәлi емес және кiрме – отарлық.
Құлан таза болмаса да шерден iш
Кiнәлi емес тарих көзi көрген iс.


Кiнәлi емес теңсiздiктiң, керексе,
Тепкiсiнен туып жатқан тербелiс.
Кiнәсiз деп бiр дәуiрлер қорғаса,
Ендi бiрi «қан төктi» деп қарғаса
Сонда екеуiн табар ма едiк тарихтан
Қарсылықтар заңдылығы болмаса?...
Тарих деген –
қасiреттер жөргегi,
Қарсыластар қайтармаған көр кегi,
Өзгермелi санамыздың өрнегi,
Есерсоқтау ертеңімнің ермегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу