Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  315


Автор: Темірше Сарыбаев

АЙТАҚЫН БҰЛҒАҚОВҚА

Қуанып, тыңдаған жұрт нұрланатын,
Шалдырма шаң-тозаңға жыр қанатын.
Отызды өз отымен өртеп болып,
Қырыққа енді үстемдік құрған ақын.
Сорғалар қызыл тілден бал да, у да,
Жылпосқа мұрша берме жандануға.
Діттеген жерге сөзің тию үшін,
Қайрат жи, қамды жаса қармануға.
Сілтей біл сөз семсерін, майдандасың,
Мақтауға елтіп басың айналмасын.
Қайтуға орта жолдан ерге намыс,
Халық үшін қаруыңды сайланғасын.
Бөлексің өнеріңмен, болмысыңмен,
Қарауды қалтыратқан сол күшіңмен,
Аярды, алаяқты, арамдықты
Соға бер сөздің зілді бомбасымен.
Ақынның қуат-күші десек халық,
Ел тойлар әр жасыңды есепке алып.
Жұлдыз боп жыр көгінде жарқырай бер,
Жұлып жеп, екі иықты көсеп қағып




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу