Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  221


Автор: Темірше Сарыбаев

КӨТЕРЕТІН КҮН БҮГІН

Рафаэль Ниязбекке
Орны бөлек бұл күннің ойлы алашқа
Жыр шашатын кеудеден қойманы ашса.
Ақын келсе абырой бәйгесінен,
Туған халқы тік тұрып тойламас па?!
Жалынбады ол бағыңа келе гөр деп,
Ойлаған жоқ даңққа бөленем деп.
Іште жанған намыстың алауынан
Отқа айналды оқыстан өлең-өрнек.
Суық көздің қалмассың сұғынан құр,
Толып жатыр дейтіндер: «ығынан жүр».
Ырық бермеген ызадан ытқып шығып,
Алатаудан атылды зымыран-жыр!
Ракета боп зырлады бұрқақ шабыт,
Құшақ жайып Қап тауы тұр қарсы алып.
Сол қалпымен зулаған тесіп өтті,
Зұлымдықтың кеудесін күл-парша ғып.
Айырбастап қаруға қымбат жырды,
Ардан безген қорқауды құм қаптырды.
Жұлдыздарды бетке алып жанған қалпы,
Сусар бөркін ғарыштан бұлғап тұрды.
Жетті ақыры мақсатқа, мүддесіне,
Көтерілді тәңіри мінбесіне!
Рабайда бір туар мұндай сәтті
Сыйғыза алмай сарсаңмын жыр кешіне.
Қайтсін менің жүрегім соқпай қатты,
Жөн сілтер ұл шынымен жоқ па айбатты?!
Аламанға ат қосып арқа-жарқа,
Көтеретін күн ғой бұл көк байрақты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу