Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  106


Автор: Темірше Сарыбаев

ІЗІМДЕГІ ІНІЛЕР

Жүрсін Ерманға
Анаңды көрдім сұраған сені Жаббардан,
Жарыңды көрдім жайып сап жанын ақтарған.
Сонау жылдары Сәтбаевтағы жас Жүрсін,
Жалаң төсіңде жамырап қанша жатты арман?!
Анаңды білем жалғызға медет тілеген,
Жарыңды білем жайыңды ойлап жүдеген.
Әпкеңді білем, білемін Сақыпжамалды,
Жапырақ жайып, жайқалып өскен бір емен!
«Жүр, – дедің, – Темке, мен туған сонау елді көр!»
Еліңде, ой-хой, жігіттер қанша жөн білер?!
Аңқылдап шықты алдыңнан абзал достарың:
Шынболат, Мұхтар, Орынбек, Амангелділер!
О, неткен мейірім, о, неткен ғажап өнеге?!
Көтерудей-ақ көтерді-ау бізді төбеге!
Бағланның еті...
Арда емген ала тай сойды,
Шалқарда жүзген шалқыдық ұқсап кемеге!
Картаны айтпан...
Қозғамай қойдым о жағын,
Сол күндерді аңсап әлі де мойным созамын.
Сен туған жерден аттанған едім сонда мен,
Алтынға балап топырағыңның тозаңын!
Жеріне Ері лайық туса – мерейлі!
Көбісі – көбік...
Бүлкілдеткенмен көмейді.
Жарыста талай жарқылдап озып бәйге алдың,
Алқаға түссең, аруақтарың жебейді.
Жидебай жақтан жырыңа жар боп жатса Абай,
Алпыстағы ағаң иеді басын ақ самай.
Тарта бер, Жүкем, тоқсан мен жүзді бетке алып,
Жалғанды жалғыз билеп-төстеген патшадай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу