Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  59


Автор: Темірше Сарыбаев

ТАУЫМ ДЕСЕМ, ЖАРАСАР

Хамит Ерғалиевке
Сан өткерген басынан сұрапылды,
Асқақтатқан жырымды – мұратымды.
Хан көтере алмасам ұлы ақынды,
Қырқамын ба, қайтемін, мына тілді?!
Тауым десем, жарасар, далам десем,
Кімге қалай, білмеймін, маған – көсем.
Сексен, саған ризамын, қамқаға орап,
Қауыштырған халқына Хамаңды есен.
Күміс емес, жез емес жалтыраған,
Алдыңда отыр ақ шашты алтын адам.
Үй ішінде жөткірсе, сырты жым боп,
Тағындағы талайлар қалтыраған.
Сыр жасырмай, халқынан мұң жасырмай,
Құйған жыры тұп-тұтас тұлғасындай.
Оқта-текте қарайды одырайып,
Шырқау шыңның тәкаппар құлжасындай.
Тамыр тартқан туасы күй мен жырдан,
Хамаң, Хамаң – Құдайым үйген қырман.
Бақ та, даңқ та,
Байлық та құзырында,
Тәңір несін аясын сүйген құлдан?!
Қолға қалам алғанмен құнжыңдасып,
Жөнелмесі белгілі жыр жымдасып.
Алпыс жылдай алдаспан зауытының
Күркіретіп көрігін тұрдың басып.
Шаршадым деп ешкімге шақпас мұңын,
Тұлпар-қалам тыпыршып, таппас тыным.
Төне қарап тұра бер тас төбемнен,
Алатауым, айбарлы ақбас шыңым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу