Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  88


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕЗІМІНІҢ СЕЛІМЕН

Арпалысқан сезімінің селімен,
Дарияға ұқсатамын сені мен.
Астан-кестен тағдырыңа таңғалып,
Орын бердім жүрегімнің төрінен.
Соның бәрін қара нардай көтерген
Төзіміңе мың бір тәубе етем мен.
Сары алтындай сабырыңды сыйлаудан
Таймаймын-ау, таусылғанша жетер дем!
Шыдадың-ау,
Шыдадың-ау,
Шыдадың,
Қыспағына ап қитықса да мына күн.
Өткен өмір жолдарыңды безбендеп,
Ойлаймын да... сосын іштей тынамын.
Аспан ашық, айналаның бәрі ашық,
Ешкім сені қолдай қоймас жаны ашып.
Сапарларға бет түзеген шақтарда,
Жарқылдаған жігеріңді ала шық!
Жолыңды ашар тот баспайтын жыр-алмас,
Ер едің ғой ұлылармен ұрандас.
Көрген сәтте-ақ түйіп едім көңіліме,
Кездескенде-ақ біліп едім мұны алғаш.
Қадамыңа тілектеспін мен сенің,
Сәл нәрсеге асып-саспа, еңселім!
Тулап жатқан теңіздің де түбінен,
Шыдай білсең, шығарады өр сенім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу