Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  77


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕН ДЕ МЕНДЕЙ...

Көрмегенім әлі де алдымда екен,
Сен де мендей лапылдап жандың ба екен?
Сен де мендей ойлардан омырылып,
Сен де мендей қапа боп қалдың ба екен?
Кім кіреуке түсірген ақ таңыма,
Тұтанарлық жаныңа от жақпадым ба?
Жалғыз келе жатып та сезінемін
Өзің келе жатқандай қапталымда.
Қалай ғана жадымнан сені өшірем,
Тұл өмірді тұрлаусыз неге сүрем?
Әлде... бақыт дегенің ойға оранып,
Сүйгеніңнің күн кешу елесімен?..
Мына өмірге, білмеймін, келдім несін,
Үмітімнен не қайыр сөндіргесін?
Екі айрылып барамын енді, міне,
«Өлгенімше, – деуші едің, – сен біргесің!»
Өлшей алсаң, қайғымды өлше менің,
Жер қайысар мұңыма, мен сенемін.
Ұмыт дейсің, ұмытам қалай ғана,
Бөлінбейтін бүтіннің бөлшегі едің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу