Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  73


Автор: Темірше Сарыбаев

АЛАҚАНЫҢ СИПАП ӨТСЕ...

Жан-жүрегің жапырағын жаяды-ақ,
Өн бойымда бұрқырайды бар шабыт.
Алақаның сипап өтсе аялап,
Саусақтарың сыңғырлайды ән салып.
Ән салады,
Ән салады,
Ғажап ән!
Әуезіне қайран қалам еріткен.
Мен сол әннен таңғы шықтай тазарам,
Сосын күндей күлімдеймін көрікпен.
Қарағайлар қаптайды алдан қарсы алып,
Таңырқаған тау да басын иеді.
Жұлдыз біткен жыпырлайды тамсанып,
Саумал самал бетімізден сүйеді.
Тербетеді,
Тербетеді ән-әлем,
Қайырмасын қайталайды қарлы шың.
Сол әуенге қосыламын және мен,
Күй боп саған күмбірлейді алғысым.
Күмбірлейді тау мен дала жаңғырып,
Біле білсең, бұл да майдан ерге сын!
Дарияның өр сағасын ал бұрып,
Басшы қадап жүрегімнің пернесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу