Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  184


Автор: Ақылбек Манабаев

СЕМЕЙ КЕШІ

Күреңденіп күннің соңғы шапағы,
Көкжиекке өрт боп жанып батады.
Асып-таспай, арнасында ақырын
Ерке Ертіс сабырлы ағып жатады.
Шалқар айдын құшағына ап ойлы айды,
Көп жұлдыздар тұңғиыққа бойлайды.
Жарқ-жұрқ етіп ақ шабақтар асыр сап,
Су ішінде шортан шоршып ойнайды.
Толқындарға жапырағын жайып тал,
Шаң-тозаңын келтіреді шайып бар.
Жүрек сырын су бетіне сызады,
Баяу жылжып жастар мінген қайықтар.
Сансыз оттар қара түнді тілімдеп,
Алтын тісті бағаналар күлімдеп.
Омырауына алқа тізген үйлердің,
Су бетінде суреті тұр дірілдеп.
Салқын, сабат самал ескен тыныш бақ,
Жұпар сеуіп, аспанына нұр ұстап.
Қала жатыр құшағында ұйқының,
Тұнық ауа, тәтті күймен тыныстап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу