Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  105


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

МӨЛДІР

Бала едім ғой, шала едім ол күнде мен,
Қонарын сай, ұшарын жел білмеген.
Дәу көзіне аспанды сидыратын
Қыз бар еді класта Мөлдір деген.
Мөлдір десе шіркін-ай, мөлдір еді,
Мөлдіреген көздері көл нұры еді.
Алқын-жұлқын ойынын қоя салып,
Мөлдір десе бар бала елжіреді.
Терезеге қадалып отырушы ед,
Ақ иегін аймалап қол, білегі.
Шақырғандай алыстан ертек елі,
Терезеге қадалып елтер еді.
Телмірген сол қалпымен үн шығармай,
Терең-терең сырларын шертер еді,
Оның әрбір сөздері көркем еді,
Мөлдіреген тамшыдай шатырдағы,
Мөлтілдеген өзі де еркем еді.
Үнсіз-тілсіз жаңбырда жылап тұрған,
Үнсіз-тілсіз класта құлаққа ұрған
Терезенің тамшысы дертер еді.
Сабақтан соң оңаша баққа қарай,
Сағыныштан сарғайған жаққа қарай
Мөлдір кейде мені де ертер еді.
Үлбіреп бір жанымыз үйге қайтып,
Түсініксіз қияли бірдеме айтып...
Бір-біріне екі ақын еркеледі,
Бір-біріне екі арман ентеледі...
Арғы жағын айтпаймын ол себебі
Бақытсыз боп бітетін ертегі еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу