Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  107


Автор: Танакөз Толқынқызы

СЕН МЕНІ КӨКТЕМ ДЕП ОЙЛАДЫҢ

Сен мені көктем деп ойладың,
Мен сен тау екен деп қалдым.
Сен мені өктем деп ойладың,
Мен сен жау екен деп қалдым.
Сен мені құрақ деп қалдың ба?
Мен салқын самал ем самарқау.
Мен сені шуақ деп қалдым да
Таң қалдым көргенде жанартау.
Әлемің – ойлардың түрмесі.
Гүлдерге кіруге болмайды.
Әлемім – хош иіс іргесі
Жеткізе білдім бе сол жайлы.
Сен мені шынар деп ойладың,
Жай ғана жапырақ едім мен.
Мен сені мұнар деп ойладым
Мұң болып шықтың сен төгілген.
Мен сені аспан деп жүріппін.
Сен болсаң – жұлдызды тұңғиық.
Жазылмас дастан деп жүріппін,
Жерлерден іздедім тым биік.
Ол, рас, гүл болып шықтым мен,
Сөйлейтін көктемнің тілінде.
Күн емесіңді ұқтым мен
Мамырдың қап-қара түнінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу