Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  261


Автор: Тəпей Қайысханұлы

САҒЫНЫШ ƏНІ

Сары ала белден сал құрып,
Сары ала сағым көшкенде,
Сағынған үнің шалдығып,
Маған бір жетпей өшкен бе?!
Сап-сары самал ескенде,
Ыңылдар бірге ақырын.
Түсінбей жүр-ау, еш пенде,
Сарғайған жанын ақынның.
Мен үшін сипар шашыңнан,
Сап-сары самал сол самал.
Кетер ме ем бір сəт қасыңнан,
Тағдырға, сірə, болса амал?


Елесің ғана жадымда,
Сара ала тартқан атырап.
Ілініп тұрған жаным ба,
Сары ала соңғы жапырақ?
Көрші ауыл болып отырған,
Сар ала жұртқа жиі кеп,
Оңаша саған оқылған,
Тұрасың еске ап жырды ерек.
Сенсіз бір бақыт жоқ маған,
Ұйқысыз таңдар атырдым.
Лəйліні ғана жоқтаған,
Мəжүнін боп бара жатырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу