Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  118


Автор: Жәнібек ӘЛИМАН

ҮШЕМ

І
Көз алдымда қым-қуыт қала шуы,
Жанарыма қадалған дала сұғы.
Соның бәрін көме сап сендік елес
Жасаурайды жалғанның қарашығы.
Көк аспандай көзіңе күн маталып,
Бір қуантып, қояды бір қапа қып.
Сені ойладым...
Содан соң жырға таңып,
Самал қызға сағымнан сырға тағып.
Қиялымнан құстардың қиқуы еріп,
Қара түнге қайғы алдым, ұйқы беріп.
Сұлу-сұлу ойларға сиқыр еніп,
Сұлу бейнең санамда сүйкім өріп...
Ай нұрына қаныққан жұлдыз қылық,
Түйсігімнің түбінде түн булығып.
Сүйістерден құралған сәби үнің
Көңілімде қап қойған кірбіңді үзіп.
Өн бойымнан жоғалып өкпе-нала,
Әр тынысым әуен боп көкте жаңа.
Сенің әр тал шашыңа ән бағыштап,
Жақындассын деп суып кеткен ара,
Мейірленіп уақыт та таңды әкеліп,
Арай емген жүзіңнен арға теліп,
Балбыраған балауса балғын нұрын
Тән түгілі тұрғанда қанға сеуіп.
Жүрегімнің тұсына егіл ән боп,
Күнікейдей, көріктім, не күнәң жоқ.
Адалдығың демінде нәрестенің
Тұла бойын тастаған сезім әрлеп.
Қадіріңді білмедім қалай ғана?
Мағына жоқ өмірде, маңай — мола.
Бақыт құсы секілді түу биіктен
Сан айнала бересің арайлана,
Күйігіме кеттің бе төзіп ал деп,
Күйінбеген ақынның кезі бар ма ед?!
Өзің болып түрленген өмір-әннің
Қайырмасы бол дағы, озып ал деп...
P.S. Оралшы... өзің ән боп!!!
ІІ
Жыр тілінде кісінеп құлын қырат,
Түлкі іңірге тұтылды күнім құлап,
Кеше жазып жұбанған жібек көңіл
Тағы мазам болмады бүгін бірақ...
Сағыныштан бәлкім, ол – сен ұсынар,
Құдіреттің бойыңда не күші бар?!
Жақын барсам көңілім кемісі бар,
Алыс қалсам кеудемнің демісің әр...
Ғаламаттың біріндей мен ұшырар?!
Тырбанғым жоқ тірлікте тек
тырысып,
Өлеңімді өзіме еттім ұшық.
Ғаламаттан шықтың да ғасырдағы
Ғаламатқа айналып кеттің ұшып...
Жұмақ кеудем жұртында сен тірісің,
Жаралғансың мендік жан елту үшін.
Тылсым демім бір жетер, күрсінгенім
Талып кетіп алғанда жер тынысын...
Кездерімде қамығып жеке қалған,
Жатсам-тұрсам өзіңді етем арман –
Құдіреттің ішінен ұшып шығып
Құдіретке айналып кете барған...
ІІІ
Саған ортақ қайғы-мұң маған сыңар,
Көңіл алаң болған соң ғалам шұбар.
Өзегімді өртеген өндір өлең
Қырт өмірге қалдырған
бағам шығар...
Дәтің жетсе тұтар ма ең соны кие,
Өлеңі бар ақынның... Өмірі не?!
Сайқалдың да арбалып желігіне,
Сайтанның да айналып серігіне,
Түнерулі отырған түрім мынау
Дұға жазып өлеңмен өліміме...
Жат қылығым болса да, сөкпе, бөтен,
Реніш те жоқ кеудем де өкпе де кем.
Қимас шаққа жүгірген қиялдай-ақ
Дәурен өмір дегенің өтпелі екен.
Сағыныштың кеудеме сарыны ауған,
Күйкі тірлік – күнелту, әрі де арман.
Батқан күн мен атқан таң ажарында
Мендік құса көңілдің табы қалған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу