Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  86


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖАПЫРАҚТАР

Көзді арбайды жап-жасыл жапырақтар,
Сұлулыққа бөленген атыраптар.
Түрге енеді паң дала, гүлденеді,
Көкке ұмтылып өседі шашырап тал.
Әп-әдемі сарғайып үзілгенше,
Өз дегенін жасайды күзің келсе.
Қандай көркем жастықтың символындай,
Құлпырады табиғат нұрын берсе.
Алақанда аялап баптайын ба,
Құйын-сезім бұлқынып жатты ойымда.
Мұқағали айтқандай оянар ма,
«Жапырақ- жүрегімен аққайың да».
Айналаны жым-жырт қып түн басуда,
Құстардың да әуені үн қосуда.
Сол қайыңның сая етіп жапырағын,
Екі ғашық алаңсыз сырласуда.
Нәзіктіктің сезем мен осы арасын,
Оған еріп көңілің босамасын.
Көктем туа сен қайта тірілесің,
Өркен жайып, жыл сайын жасарасың.
Тамыр жайсаң көркісің баққа лайық,
Таза ауаны қалайша мақтамайық.
Табиғатты сүюді бүлдіршінге,
Үйретейік, жапырақты таптамайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу