Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  85


Автор: Гүлден Мүлікқызы

Естілер ме екен арғымақтардың дүбірі?

Таң атып қалды, бүгін түн кірпік ілмедім,
Жайымды ұғып, халымды жөн-ақ білгенің.
Қасынан мені әкетші мүлде алысқа,
Көзі ашық анау көмусіз қалған мүрденің.
Бұл маңды енді көрмеуге мүлде бекідім,
Тұяқтан тозып, келмейді сірә, шекігім.
Бұл күндер менің тұрмайды мәңгі басымда,
Жүрегіңдегі өшпесе болды есімім.
Еншіме тиген, туада солай мұнар мұң,
Тәңір сыйласа шек келтірмей- ақ ұнармын.
Сенімі берік сен барда қалай сыңармын,
Туады әлі- ақ, шыңдарға биік шығар күн.
Болған соң өзің жылағаннан да уандым,
Жетелеп шықтың ішінен қара тұманның.
Сенің үніңде шырқалып жаттым шығандап,
Жалғасы едім, айтылмай қалған бір әннің.
Көз іліп қайтем, қасыңда ояу жүрейін,
Ұшырып әркез дұшпанымның да үрейін.
Естілер ме екен арғымақтардың дүбірі,
Өзіңмен бірге өмірге құлақ түрейін.
Шөлім де қанды тиген соң аққа таңдайым,
Шуағыңмен жатпай ма жіпсіп маңдайым.
Мен-дағы сені ақ мамық жырға орайын,
Қарашадағы алғашқы жауған қардайын.
Айта берем бе, таусылмас бұл бір әңгіме,
Сен түсінесің, нәрсіз бе я, нәрлі ме?
Бір сәт те болса сені ойлап кірпік ілмеймін,
Көз жұму шындық, ерте ме, кеш пе, мәңгіге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу