Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  66


Автор: Сағыныш Намазшамова

АЙ СӘУЛЕСІ

Ай бетінде бедерленген бір сұлба,
Балаларды ойландырмай тұрсын ба?!
«Мама, анау Ай ішінде жүрген қыз
Кетіп бара жатқандай ғой шын суға?»
Сәби сана ұшқыр қиял-байламы,
Қызым сауал қойды маған жайдары.
Шыныменен шелегі бар қолында,
Не қылған жан жүрген сонау Айдағы?
Бұрымды қыз жерден неге жеріді?
Әлде сатып кетті сүйген серігі.
Жерден жырақ жүрген ару сыр айтты,
Сезіп тұрмын, естілмейді тек үні.
Түнде ғана көрінетін ұрыдай
Айға қарап қызықпашы,
қызым-ай,
Қыз туралы... Сіз туралы ойлантқан,
Айдан түскен сол сәуленің сынығы-ай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу