Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  230


Автор: Сағыныш Намазшамова

КЕЛІН

Қариясы көрші үйдің ақ самай,
Таспиқ тартты, бір Алласын тастамай.
Құран кәрім қасиетіне бас ұрды,
Қажет демей басқа шуақ, басқа арай.
Ниет етпей жемейтұғын бір асын.
Дауа көріп күбірлейтін дұғасын.
Тақуалықтың азабы мен рахатын,
Білмейтіндер осы әкеден сұрасын.
Қызық көріп қарайтынбыз сонда біз,
(Білсем, мүмкін сескенеміз, қорқамыз).
Бауырында өскен немересі бар еді,
Сол Данасыз толмайтұғын ортамыз.
Туған жандай сезінгенбіз жақындық,
Есепке де басты бірге қатырдық.
Қуыршақты сәби қылып құндақтап,
Жапырақты ойнайтынбыз шатыр ғып.
Жаратқанның жар қылғаны – жалғыз ұл,
(О, Тәңірім, бергеніңді арлы қыл).
Қарттың жанын жегідей жеп қылығы,
Кеуіп кеткен терідей боп тар ғұмыр.
Зейнет көрмей, бейнет көріп бір ұлдан,
Шыңғырғанмен шықпайды екен шыбын жан.
Келіні кеп қызын тартып әкетті,
Атасының арқасына тығылған.
«Ұлың анау ақыл-есін сімірген,
Үміті жоқ ертеңнен де бүгіннен.
Қоя алмаймын мұнда байлап баламды»,
Қызды сілкіп атасына жүгірген.
Көрші аулада жылаған үн, у да шу,
Ит абалап, қосып жатыр шуға шу.
Сабырымен жеңіп тұрса бірде ақыл,
Үстемдігін көрсетеді бірде ашу.
Солай Дана бізден жырақ аттанды.
Өтіп жатты күндер зулап жаттанды.
Осы оқиға мені жылдам есейтіп,
Балғын күндер бойдан аулақ қашқан-ды.
Көре ме екен біздерді әлі бүлдіршін,
(Құшағына басқысы кеп бір дүркін).
«Үйге неге келмейсіңдер?» дейді әже,
Данатайын сағына ма, кім білсін?
Ажал– ұры, болмайтындай басқа ұрлық,
Жан әжесін қара жерге тапсырдық.
Немересін аңсап өткен қарияны
Тас молаға айналдырды тас тірлік.
Қайран, қайран, әкелер-ай, нар тұлға,
Шөгіп кетті бір-ақ күнде қартың да.
Әкетем деп келген ұлға ілесті,
Қалған тұяқ сол болған соң артында.
Мейлі, жолдас болса-дағы аз күн бақ,
Жазмышын көріп пенде көз жұмбақ.
«Көрмей неге көрге кіріп кетпедім?!»
...Жалғыз ұл да үйден кетті азғындап.
Немересі- бар қызығы, қуаныш,
Үлкен білім ошағында, ту-у алыс.
Құлазытып қаңсып қалған қабырға,
Жетелейді ен далаға бір ағыс.
Көргенімді ойға сабақ етем көп,
Шерлі көңіл қандай жүкті көтермек?!
Ауылдастар айтып жүрді кеткенін,
Көрші атаның қарттар үйін мекендеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу