Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  64


Автор: Исраил Сапарбай

ЖЫНДЫЛАР

Қарала бұлт, көгала бұлт,
Арасында Ай ғана.
Әрең-әрең жобаланып
Көрінеді айнала.
Қараңғылық қоюланып,
Жұлдыз біткен қалды өшіп.
Үрей, дүлей жәй, ұрланып..,
Ендігісі жан нәсіп.
Жез қоңырау шылдыр-шылдыр,
Қар жамылған тегістік.
Көз алдымыз бұлдыр-бұлдыр,
Бұлт бүркенген кеңістік.
«Кәне, жәмшік, делбеңді қақ!» –
Басып қоям айғайға.
«Меңіреу мекен елден жырақ,
Тап болармыз қай жайға?..
Қарлы құйын қыстырылып,
Қалар емес қапталда.
Осқырынып, пысқырынып,
Болдырғандай аттар да.
Жан-жағымыз қараңғылық,
Жарық қайда безінді?
Аш қасқырдай боран да ұлып,
Аштырмай тұр көзімді.
Таба алмасақ біз ыңғайын,
Қар астында қаламыз...
Жол да, із де ізім-қайым,
Қайда кетіп барамыз?
Көрдіңіз бе, айналамыз
Қараң-құраң бірдеңе?..
Қайда барып жайланамыз?
Күрмеледі тіл неге?
Түнеріп тұр аспан өңі,
Таң атқанша қайда әлі...
Енді ме... енді басталады
Жын-перінің ойнағы!»
Жан-жағынан жас перілер
Есін алсын ал шулап!
«Қорыққанға қос көрінер»,
Жәмшігім тұр қалшылдап.
Кеткен із де, келген із де,
Қарға бөккен жолың да,
Божыңыз да, делбеңіз де
Сол... солардың қолында!
Бір-біріне хабарланып,
Дегендейін біз дайын,
Бірі ұлиды боран болып,
Бірі сыңсып қыздайын.
Мазақтауды мақсат қылып,
Өңшең елес, жын-пері,
Санын сабап, сақ-сақ күліп,
Бүйіріңнен түртеді.
Жан-жағыңды жау жайлайды
Соқыр түнде сорғайнап.
Шаптан түртіп шаужайлайды
Бірі атыңды орға айдап.
Бірі қамшы үйіреді,
Бірі тартып делбеңнен.
Бірі құлша иіледі,
Бірі итеріп кеудеңнен.
Құйындайын құтырады,
Құбылаңды құбылтып.
Бірі бетке түкіреді,
Сілекейін шұбыртып.
Қарадайын қапаланып,
Ата-енеңді сыбайды.
Бірі алдыңа жата қалып
Өксіп-өксіп жылайды.
Бірі көзбен жай атады,
Қағып-сілкіп тастасаң.
Бірі нұқып оятады,
Қалғи-мүлги бастасаң.
Кенет, кенет... рас па, шын ба?
Түнге сіңіп қараңғы,
Бақсысы да, басқасы да
Ұшты-күйді жоғалды...
...Қарала бұлт, көгала бұлт,
Арасында Ай ғана.
Әрең-әрең жобаланып
Көзге ілігер айнала.
Есінеген мақұлықтай
Ен даланың кескіні.
Не болғанын ақыл ұқпай,
Қоңыраудың өшті үні.
Ақ кебінге оранған не,
Қарсымыздан қағынып?
Қасқыр ма, әлде, боран ба әлде,
Селк еткізді тағы ұлып.
Елес тартып етегінен,
Ес кірген бір заматта
Тылсым түйсік жетегімен
Қамшы үйірдік тағы атқа.
Жез қоңырау шылдыр-шылдыр
Жолаушыға тән ырғақ.
Омырауы күңгір, күмбір
Алға ұмтылды арынды ат!
Көңіл шіркін қунап, тулап,
Көз салады жан-жаққа!
Жылап-сықтап, улап-шулап
Жын-перілер қалды артта...
Қарала бұлт, көгала бұлт,
Арасында Ай ғана.
Әрең-әрең жобаланып
Көрінеді айнала.
Зарлы үніне шымырлап бой,
Таңға ұласпай түн түнегі,
Жын-перілер тыным таппай
Ой мен қырды тінтінеді.
Жайы бөтен, күйі бөтен,
Неге сонша шұбырады?
Бәрінен де... қиын екен
Улап-шулап ұлығаны...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу