Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  42


Автор: Исраил Сапарбай

НӘСIЛIМ КIМНЕН КЕМ ЕДI?!

Иыққа келiп бас қонбай,
Әбiлет бiздi басқандай.
Жаратушы ием көзiне
Қараймыз қашан жасқанбай?
Болмашы тапқан, татқанға
Боламыз асып-тасқандай.
Аяқты алшаң басамыз,
Аударып тауды тастардай!
Есер ме едiк, ер ме едiк
Есiктi теуiп ашқандай?
Олжамыз сонша көп пе едi
Олай да былай шашқандай?
Ылдилап қайда барамыз
Үйiрден қиыр қашқандай?
Құлдилап қайда барамыз
Құлаған құздан тастардай?
Бағасын бiлер кiм-кiмнiң,
Бадана көзден жас тамбай?..
Береке қонар қай қолға,
Бейнетi күннiң басталмай.
Талабың кiмнен кем едi
Тағдырға талақ тастардай?
Амалың кiмнен кем едi
Абыржып iштен сасқандай?
Несiбең кiмнен кем едi
Нәпсiңдi тисаң, настанбай?!
Нәсiлiң кiмнен кем едi,
Есiңдi жисаң, мас болмай?!
Таусылып нем бар, құдай-ау,
Тақырға пақыр тас маңдай?
Бiрiгер кезiң болды ғой,
Бiрiңе-бiрiң қас болмай.
Ұғынар кезiң болды ғой –
Бассыздық қандай?
Бас қандай!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу