Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  50


Автор: Исраил Сапарбай

ЗАМАНА

Тiршiлiк қалғып тұрмайды,
Ай менен күндi ұрлайды.
Асып та тасып аққан су
Арнасы кемiп, құрғайды.
Қалың да тоғай ырғайлы,
Қамыстың басы сырнайлы.
Сардала кезген аруана
Сағымға мойнын бұрмайды.
Құлқыны кеңге құл қайғы,
Құбақан құлға пұл қайғы.
Жақсылық жапа шеккенмен,
Жамандық көзiн жұмбайды.
Бiреуге өмiр ыңғайлы,
Бiреудi елең қылмайды.
Бұлың да бұлың бұл жалған
Бiздерге несiн бұлдайды?
Өмiрге келу бiр қайғы,
«Өмiр» деп өлу бiр қайғы...
Зымыранға мiнген замана
Зымыстан жаққа зырлайды...
Жайлады жанды мұң-қайғы,
Көрпесiн түзге түн жайды...
Құлағы бiтеу қу дүние
Кiмдердiң зарын тыңдайды?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу