Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  106


Автор: Талап Қараш

Күйші

Қилан Сәрсенбиевтің рухына
Кешір аға іздемей кеткеніме,
Күй қанатың сынғанда жеткеніме.
Өзіңді ойлап сан рет аялдағам,
Ұзынағаштың музыка мектебіне.
Құрекеңше шалушы ең домбыраңды,
Орнықтырып деміңмен оң бұрауды.
Бала кезде үйренгем мен де сізден,
Өнеріммен талпынып жол құрауды.
Сарғайды ма жаныңыз сағыныштан,
Оза алмай мүләйім жазымыштан!
Кәрі Атырау мұңайып жатқан шығар,
Толқындарын тыншытып алып-ұшқан.
Сыйынғансыз Жамбылдың аруағына,
Қос ішекпен құрық сап арманыңа.
Домбыраңның ішегі ерте үзілді-ау,
Әлде арманың күмбірлі алдады ма?..
Қош бол енді ақ көңіл Қилан аға!
Күй қазына бойына жиған аға.
Лайықсыз әр кезде сыйға дара,
Қазақ үшін күй болып туған аға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу