Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  296


Автор: Кәрім Жұмағалиев

Соғым басы

Соғымды атам қазақ соятұғын,
Бір ауыл соғым етке тоятұғын.
Ағайын, дос-жаранның басын қосып,
Алдына сыбағасын қоятұғын.
Бұл соғым Қарағанды қаласынан,
Кеңбайтақ Сарыарқаның даласынан.
Балдызым Мұратжаным жіберіпті,
Төрт қыздың шыққан жалғыз арасынан.
Қояйын қонақтарды таныстырып,
Жүрмесін бірін-бірі алыссынып.
Оңтүстік, Батыс, Шығыс, Солтүстіктен,
Дәм шығар бізді отырған табыстырып.
Нәсір аға Оңтүстік аймағынан,
Ақсүйек-Қожалардың қаймағынан.
Жеңгеміз Рымкеші жанында отыр,
Ақылымен, көркімен таңқалдырған.
Ағамыз Ғабдулмәжит – Атыраудан,
Келбетіне Алланың нұры жауған.
Полковник, әрі ақын, әрі күйші,
Жасынан батырлықпен аты қалған.
Қыздары Оңтүстіктің сұлу келген,
Жүрекке көркіменен жылу берген.
Марина бәрінен де артығырақ,
Сұлулардың ішінде бұрын көрген.
Марина Сараменен бірге оқыған,
Партада қатарласып бірге отырған.
Бір-бірін қырық жылдан соң қайта көріп,
Жалынды жүректерге жыр толтырған.
Ақыны Абдрахман ақындардың,
Халқыңа жырыңменен жақын бардың.
Шырқатып махаббаттың өлеңдерін,
Қалайша ғашық болып лапылдадың.
Келіннің жүзі жылы жарқылдаған,
Бар шығар, мінезі де аңқылдаған.
Жүрегін Әбекеңнің жаулап алып,
Сондықтан, Ғашық жырлар сарқылмаған.
Жұбайым жанымдағы аты Сара,
Өзгеге ұқсамайтын заты-дара.
Сарадан басқа жанға қарамаймын,
Кәрім-деп көкірегі «АҺ» ұрса да.
Жұмағали баласы Кәрім атым,
Ешкімге әдетім жоқ жалынатын.
Әділдік туа біткен қасиетім,
Бір ғана ТӘҢІР – ием табынатын.
Дем алып қонақтармен қалайықшы,
Күй тартып, әсем әнге салайықшы.
Әрқашан бастарымыз қосылсын-деп,
Көтеріп осы тосты алайықшы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу