Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  275


Автор: Кәрім Жұмағалиев

Алпыс бес

Мен де бөбек болғанмын, буын бекіп,
Лезде жастық шақтан кеттім өтіп.
Өмір-ай жылжып аққан су секілді,
Міне мен алпыс беске келдім жетіп.
Алпыс бес, алпыс емес, бесеуі үлкен,
Басқа келді жас кезде қартқа күлген.
Шүкіршілік етемін өміріме,
Құдайым сақтайгөр-деп көз бен-тілден.
Алпыс бес, алпыс емес, бесеуі артық,
Тұрғандай етегіңнен кейін тартып.
Сол кезде еске аласың амалсыздан.
Алаулаған жастықты жүрген шалқып.
Алпыс бес, алпыс емес, бесеуі көп,
Іншалла бұл өмірге көңілім тоқ.
Таза жүрдім өмірде сыйласумен,
Біреудің ала жібін аттағам жоқ.
Алпыс бес жастық емес жарқылдаған,
Ақыл тоқтап өмірің айқындалған.
Алпыс бесті- деп білем қоңырауы,
Алдыңдағы жетпіске жақындаған.
Жиналып сүйген жарым, балаларым,
Туған күнмен құттықтап бағаладың.
Сендер аман-сау жүріп еркелетсең,
Өмірден әлі де бар ала аларым.
Тілейтінім сендерге менің бүгін,
Тату-тәтті келсе егер өмір сүргің.
Бақытты өмір ішінен орныңды тап,
Көтере біл заманның артқан жүгін.
Өмірді әр қырынан ойлайықшы,
Келешекті сын көзбен болжайықшы.
Тіршілікте бәріміз аман болып,
Жетпісті де бас қосып тойлайықшы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу