Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  78


Автор: Шәдәт Нұрсапақызы

Достарым менің

Достарым менің ар-ұятпенен бір туған,
Шындықтай асыл жанында ізгі сыр тұнған.
Қиынға келсе бөгетті бұзып құлшынған,
Томаға тартқан қырандай шыңға ұмтылған.
Достарым менің оқыған дана ұстаздан,
Ол күнде жоқ-ты өзімшіл, озбыр еш талғам.
Бейнетсіз зейнет жоқтығын көзбен көргендей,
Зығыр мен гаулйаң жесе де емес тіс жарған.
Достарым жүзін мейірім жауып тұрғандар,
Пионер, одақ, партиялы да болғандар.
«Солақай» лушиән иттері талап жазықсыз,
Әділет үшін бас имей кеткен құрбандар.
Достарым менің ойранды жылдың жастары,
Тигенін киіп жұпыны өткен жас шағы.
«Торғайдай» болып боршаланғанда бастары,
Даттамай өткен, ластамай өткен басқаны.


Достарым менің ата-ана талай балаға,
Шаңырақ артар қайыспас қайсар қара нар.
Мақтаса тасып, даттаса жасып кетпейтін,
Білімі терең қатардан озған даналар.
Достарым менің талғарда өскен қарағай,
Алмаған дауыл, бұрқасын жанын жаралай.
Балалық шағы шалғында өткен көкорай,
Табиғатты да аялай білген анадай.
Достарым менің талайды көрген тарландар,
Ғұмырда қиын асудан асып қалғандар.
Ғылымның шамын тубаста-ақ қолға алғандар,
Бұрынғы және соңғыны көре қалғандар.
Достарым менің көл жасап маңдай терменен,
Ас-суын жайып кімге де болса «кел» деген.
Көлденең жатқан ала жіп аттап көрмеген,
Етене болып енжарсыз өткен елменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу