Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  106


Автор: Толқын Қабылша

БАРЛЫҒЫ ДА, ТӘҢІР, СЕНІҢ ЕРКІҢДЕ!

Барлығы да, Тәңір, сенің еркіңде!
Алқызыл боп күн ойнаса, көркімде.
Адалдығым алауласа сертімде.
Алып-ұшқан аңсарымда, Сен барсың.
Сенің еркің – өкінішім, өртім де
Барлығы да, сенің еркің, Тәңірім!
Таң атқанда, жанды құшса, жарығым.
Тазалықтан бастау алса, тамырым.
Таңғажайып тілегің деп білемін,
Тұл бойымда тұмарланған бар ұғым.
Сенің еркің, сенім артып, сүйінсем!
Сүйіп тұрып, сағыныштан иілсем.
Жылап тұрып, жазмышыма күйінсем.
Теперіште тәубе айтқызып тағдырға,
Құдіреттің сездіресің күйін СЕН!
Мынау әлем,
ең ғажайып сезіммен.
Әр күн сайын шуақ шашса, көзімнен.
Бір сағыныш самалы ессе, сөзімнен
Қарашықта мөлтілдейсің Үміт боп,
Оңашада күбірлейсің өзіммен!
Барлығы да сенің еркің,
О, Тәңір!
Өтінемін, айырмашы, Төзімнен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу