Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  109


Автор: Толқын Қабылша

ҒҰМЫР, САҒАН ҒАШЫҚПЫН!

Ғұмыр, саған ес-түссіз ғашық екем,
Өзіңмен бір болуға асық екем.
Теңіз болсаң, тербеліп толқыныңдай,
Сағыныш боп мәңгілік тасып өтем.
Іңір тусын,
Мейлі сен, құбыл әлем!
Іңкәр екем ізгілік нұрына мен.
Ілесіп ап ақ таңның самалына,
Шағала боп қауышам шұғыламен.
Жарқ еткенде, жанымның күн шуағы,
Қауызынан гүл атып, жыр шығады.
Мен жарықты сүйемін жан-тәніммен,
Қапас түссе, көңілім тұншығады.
Таңсәріде таң шығы секілденіп,
Қырда өскен шалғынның шетін көріп.
Тамшы болып төгілем табиғаттың,
Тұңғышындай тұлымым кекілденіп.
Егілгенім болмасын есерге мұң,
Төксем-дағы жанымның нөсерлерін.
Өмір саған іңкәрлік тыншымаса,
Сол жерлерге талай гүл өсер керім.
Сезесің бе?!
Мен ессіз ғашық екем,
Өзіңмен бір болуға асық екем.
Теңіз болсаң, тербеліп толқыныңдай,
Сағыныш боп, мәңгілік тасып өтем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу