Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  73


Автор: Толқын Қабылша

БІР ТЫЛСЫМ БАР

Өн бойымның өлең бе, әлде киесі?
Мен еместей.
Мына жанның иесі.
Жұдырықтай жүрегімен алысқан.
Періште емес.
Пері де емес күй осы.
Бір тылсым бар,
Ыршып мына кеудемнен
Байыз таппай,
секунд сайын сенделген.
Бір құдірет – құлазытып жанымды,
Бір құдірет – әлек оны емдеумен.
Бір ұшқын кеп,
Ізгілейді тәнімді.
Бір ғажайып бағатындай хәлімді.
Мың сан күйді бір мезетте сүрем мен,
Бір мезетте,
Сағынамын бәріңді.
Өзімді-өзім
Оңашада тергеумен.
Жанның дертін,
жүрмін бе әлде емдеумен?
Ғұмыр осы,
Киесі оның бір өлең.
Жер мен Көктің арасында сенделген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу