Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  78


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚОЙЛАРҒА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Көк жайлаудың төрінде –
Тепсең бетте,
Толғай-толғай қамшы ұрып,
Тепең көкке,
Баялашқа қойымды жайып салып,
Өлең оқып,
Мен тұрмын шабыттанып...
Алаңы жоқ...
Көңілдің ештеңеге!
Қойлар бырт-бырт күйсейді көк көдеде.
Өте берсін...
Мейлі ғой – Уақыт тегі!
Қой боп туу – недеген бақыт еді...
Жыр жазбай-ақ,
Түндерде ойланбай-ақ!
Жар төсектен безініп...
Толғанбай-ақ,
Қойшы алдына томпаңдап түсіп алып,
Көкөрістен оралсаң,
Ұйқың қанып...
Ел қонбаса,
Көңліңнің күзеуіне,
Ақын болу бір азап...
Бұл өмірде!
Жер бетіне түнеріп төнген бұлыт,
Жайын тастап кетеді жүрегіңе!
Теңселсе де терегім бой алмаған,
Көк дауылмен егесін қоя алмаған!
Жер бетінде – әлі де жауыздар жүр,
ҚҰЛДАР жатыр...
Ұйқыдан оянбаған!
Оянады олар да...
Барша жанды,
Құшқан кезде –
Бақыттың таң самалы!
Қан майданға шығады ҚАЗАҚ БІТКЕН!
Жақсы жылды жырларым қарсы алады!
Сондықтан да...
Хақым жоқ дамылдауға!
Қанда қуат,
Кеудемде жалын барда!
Анда-санда азырақ мұңаямын...
Ауылдағы анамды сағынғанда.
Мен де талай қой баққам жас кезімнен,
Сілекейі шұбырған қасқа өгізбен.
Қыспен бірге қасарып шабушы еді,
Азу тісі балғадай жас бөрілер...
Күйсе қойлар!..
Күйсесең –
Тойынғаның...
Жайдары жаз...
Тойлап қал тобылғы айын!
Қайта айналып келгенше хош-есен бол,
Басын кессе...
Былқ етпес момындарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу