Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  67


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚАЛЫПТЫ ҮНІҢ ҚҰЛАҚТА

Қалыпты үнің құлақта,
Бұлыңғыр бейнең тартқандай...
Қаңғыбас бұлтқа жырақта,
Алтын ай барып батқандай.
Қысады өксік кеудені...
Мұңымды кімге шағамын.
Жетелеп жылдың керуені,
Жетекке еріп барамын!
Жүремін кешіп бекер күн,
Қаласаң, қалқам,
Күл мейлің...
Бақыттың қайда екенін,
Не екенін, тіпті, білмеймін!..
Толқытып түнде сезімді,
Көшеден жастар салады ән.
Кете алмай жүрмін –
Өзіңді...
Алғашқы сүйген қаладан!
Бір сілтеп қолды кетер ем,
Қыймайтын енді не қалды?..
Аспанның асты –
өте кең!
Қол созған ЖҰЛДЫЗ жоғалды...
Маңайдың бәрі...
Бәз қалпы.
Сағаты тоқтап қалғандай!
Түстіктен қайтқан қаз даусы,
Өткенді еске салғандай!..
Аққуым қанат жайғандай!
Тамылжып таңда көктем тұр!
Жұлдыздың өңі бұзылып.
Көк базар жаққа көп кемпір,
Гүл сата шықты тізіліп.
Бәрі де өткен жастықта,
Онсыз да жетер –
Жан қайғым...
Аптықпа, жүрек!
Аптықпа...
Гүл сатып енді алмаймын,
Алмалы баққа бармаймын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу