Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  230


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ҚОБЫЗ

Сазымен мың бұралған – құрыш ерткен,
Қобызды:
«Мұң ба деуші ем – құныс еткен?»
Қолға алып атам менің тартқан кезде,
Жанарға жас қондырып қыл ішектен!
Төгілтсе –
Ықыластың «Жезкиігін»,
Жел өксіп еске алатын – өз күйігін...
Жаутаңдап ерке тағы құлайтұғын,
Далаға тастап соңғы көз қиығын...
Санына жайдақ нардың қамшы батып,
Қобызда – Көш өретін шаң шұбатып...
Көк найза – сәби түйреп көтеретін,
Жылы қан...
Жөргегіне тамшылатып!
Ер өсіп,
Қара тасқа қылыш қайрап,
Тұлпарды тер жабатын ұрыста ойнап!
Ыршыған басы ұстатпай...
Қол сасатын!
Жат жердің топырағын уыс қармап...
«Ажал жеңген күш бар, – деп, – балам, мұнда!»
Оймен атам қарайтын қара қылға...
«Қорқыт бабаң – Жүрегін көрге көмбей,
Көмді – дейтін, сары қобыз шанағына!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу