Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  58


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ЖАТҚАНДА ТӨБЕСІНДЕ «ЖАЛАУЛЫНЫҢ»

Жатқанда төбесінде «Жалаулының»,
Ұмытып жанның бір сәт жадаулығын...
Бөбектей –
Анасына бауыр басқан,
Енгенмін құшағына алау Күннің!
Өпкенде маңдайымнан –
Анам-Күнім!
Жатқанда төбесінде «Жалаулының!».
Қия алмай...
Көздің жасын төкті бұлт.
Күңгірт шың,
Мұздақ құздар бетті жуып,
Көк дауыл –
От қамшысын жарқылдатып,
Өкіріп көз көрмеске кетті қуып...
Жер де көк,
Аспан да көк...
Сондай тұнық!
Көктеме –
Сұлу қыздай таранғанда,
Айдын көл –
Бетін көрер шарайна ма?!
Пәк еді табиғаттай –
Cонау бала!.. Жүрегім...
Аққу еді жаралғанда!
Түстікке сол аққуым оралмай ма?!
Оралса –
Ұясына қона алмай ма?
Айындай –
Көктеменің албырт бала,
Бір сәтке сондағыдай бола алмай ма?
Жаңғырып бар тіршілік оянғанда...
Жаңғырып бар тіршілік оянғанда,
Есімде:
Бозамық түн,
Бозаң дала!
Бақаның таусылмайтын әніне елтіп,
Қыз күтіп,
Отырғанмын өзенде ана!
Ол күнде –
Қыз да бала,
Мен де бала!
Баланы –
Бала сүйсе,
Бар ма шара!..
Жауқазындай көз ашқан қар астынан,
Қаршадайдан қағынар ақын ғана!
Ай аунап...
Айдынында өзен ақты.
Шырағын –
Су түбіне жұлдыз жақты.
Еліктің лағындай елең қағып,
Еркелеп қос бұрымы келе жатты!..
Иті өліп...
Шамы сөніп,
Ауыл жатты!
Жүрегім қара түнде дабыл қақты!
Жанымның жайлауында бұлт аунап,
Жай жайнап,
Ебі желі дауылдатты!
Жағасында –
Көктемгі көк өзеннің,
Қалмапты есте, тіпті, не дегенім...
Көзіне...
Көзім түсіп,
Төне бердім...
Мойылға қос жанарын теңеп едім...
Жатқанда...
Төбесінде «Жалаулының»,
Қауышты қайта келіп,
Балаң күнім.
Көк аспаннан елесі қол бұлғады,
Əлдеқашан ұмытқан аяулымның!
Барамын...
Барамын ғой...
Барам, Күнім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу