Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  88


Автор: Әуезхан Қодар

Жолаушы

Шарасыздық – қазіргі хал-жағдайым,
Қалғаным ба осы орнымда мәңгілік?
«Қанатынан айырылған қаздайын»,
Байқаусызда көліксіз қап әңгүдік,
Айдалада аңыраям сандалып,
Әуеніндей адасқан бір қобыздың,
Айналада жоғалғандай мән де анық,
Жәй бір сыңсу – белгісіндей көп іздің.
Дала... Дала... Ұлаңғайыр кеңістік.
Мен бір нүкте тоқтата алмас сөйлемді.
Ұйқаса алмай, үндемеуге келістік.
Жел аймалап, тазартуда ой, демді.
Бала... Бала... Бала екенмін әлі мен.
Өкіну не, опыну не, бәрі бос.
Мәңгі болмыс емде мұнар әрімен,
Емде мені, аспаныңмен, кәрі дос!
Бірде Күнге, бірде сеніп Құт, Айға,
Салыстырма дүниетаным лезде өскен.
Шөл – теңізбен Будда көшіп Қытайға,
Түркілердің Тәңірімен кездескен!
Көшпенділер жол – даланы үй қылып,
Арбаға артып, сүйреледі қосын кең.
Мазарларда қырық шілтен тығылып,
Ой шырағын Сыр еліне көшірген.
Келді, кетті... Ғарыштан да әрі енді
Сол тіршілік қол бұлғаумен санаға.
Дала қылам деген бүкіл әлемді
Соңғы Қаған өзі сіңді далаға.
Бұл даңғылда демемейді мені ешкім,
Маған келіп үзілсең сен, үзіл, Мән!
Мен Қаған да, Пайғамбар да емеспін,
Жәй жолаушы... мәшинесі бұзылған.
Мән – көсемді өз қолымен соқты адам,
Өз қолымен құлатты да. Құқылы-ақ...
Байқоңырға жете бере тоқтаған,
Күйбеңдеймін, мәшинемді шұқылап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу