Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  200


Автор: Сәруар Қамаева

АПАМНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ

Бай да өткен, батыр да өткен, бағлан да өткен,
Түбіне бұл дүниенің кім бар жеткен?
Жазмыштан ажал жайлы хабар келсе,
Бақилық қара жерді мекен еткен.
Жалғызым, атың бар да, затың да жоқ,
Қайғыдан сыртым мұздай, ішімде от.
Жүрекке кеудеңдегі дөп тиіпті
Ажалдың апанынан атылған оқ.
Келер жаз, көре алмадың көктеміңді,
Қайтемін тізе беріп өткенімді?
Тәңірдің маған тартқан табағы осы,
Тоқсанның төбесіне жеткенімде.
Ризамын, Жаратқаным, бергеніңе,
Өмірді жақсы-жаман көргеніме.
Қан жұтып, жүрек жылап тұрса-дағы,
Сенбейді көңіл шіркін өлгеніңе.
Көз жасым шықпай қалды қарашықтан,
Бәйтерегім едің ғой дара шыққан.
Көлеңкең көрінердей болып тұрар
Ауылдың сыртындағы қалашықтан.
Қорқыт та құтылмаған қырық жыл қашып,
Пендеге бақи дүние болмас қашық.
Қайырып қанатымды қос балапан,
Қайғының қара тасын қалдым басып.
Бүтіндік сұңқар менен тұлпарда жоқ,
Қайғысыз қара су - ас, көңілім тоқ.
Қайырылмай қос құлыным кеткеннен соң
Өртейді өзегімді бір қызыл шоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу