Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  103


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҰРАН

Қариялар, қайдасың?
Тұс-тұсынан боздалық.
Ұйықтап жатқан Алашты
Оятуға қозғалық!
Абырой керек тірлікте,
Бар береке-бірлікте,
Ала болып тозбалық!
Ортамыздан бек сайлап,
Ынтымақпен көп сайлап,
Қарақшыдан озбалық!
Азаматтар, қайдасың?
Араздықты қоялық,
Арамзалық мінезді,
Енді тіпті жоялық!
Талапты ерге нұр жауар,
Талпынбаған не табар.
Ескерерлік жұмысты
Күнде ертеңге созбалық!
Егін салып, мал бағып,
Ырыздықпен тоялық!
Айдын-шалқар көлдей боп,
Көлге түсер елдей боп
Күншілдің көзін оялық!
Байларымыз, қайдасың?
Алақанды ашалық,
Алтын, күміс ақшаны
Игілікке шашалық.
Медресе, мектеп салдырып,
Артымызға қалдырып,
Бақи өмір жасалық!
Ақындарым, қайдасың?
Бұлбұлдайын сайралық!
Көкейіне түсіріп,
Халқымызды қайралық!
Зеректерге басшы боп,
Тентектермен ащы боп,
Атқан оқтан таймалық!
Пушкин менен Лермонтов
Біздей ақын емес пе?
Ақын болған адамдар
Жұрттың қамын жемес пе?
Әдебиеттен қалыспай
Біз де нұсқа салалық!
Қыз, келіншек қайдасың?
Қымбатшылық келді ғой,
Пәбіріктен бұл келмей,
Жалаңаштық жеңді ғой,
Бұған ылаж қылайық!
Жібектен жүн бізде бар,
Сүйріктей қол сізде бар,
Шекпен тоқып, тон илеп,
Кемшілікке мойын қоймалық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу