Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  76


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ХАННАН ЖАҒДАЙ СҰРАМА

Ханнан жағдай сұрама,
Тағынан түсіп қалған соң.
Байдан жағдай сұрама,
Көзіне біткен малдан соң.
Батырдан жағдай сұрама,
Жау қолында қалған соң.
Жақсыдан жағдай сұрама,
Басының еркін алған соң.
Әкеден жағдай сұрама,
Ұлға сөзін салған соң.
Анадан жағдай сұрама,
Келіні билік алған соң.
Сұлудан жағдай сұрама,
Сүйіп тиген жардан соң.
Ерден жағдай сұрама,
Біреуден сауын сауған соң.
Елден жағдай сұрама,
Қонысынан ауған соң.
Қыраннан жағдай сұрама,
Қос қанаты талған соң.
Тұлпардан жағдай сұрама,
Желкеге біткен жалдан соң.
Жерден жағдай сұрама,
Топырақ борап жауған соң.
Малдан жағдай сұрама,
Отсыз, сусыз қалған соң.
Аштан жағдай сұрама,
Қарны ашып, өзек талған соң.
Солай болмай тұра ма,
Қара кілем қасқа тон
Не болады тозған соң.
Қаның асып төгілмек,
Шарадан асып толған соң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу