Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  66


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ЖЫЛ ҚҰСЫ

Атқан таңның астынан,
Жер жарады үн күші,
Көзім шалып қарасам,
Ұшпаққа тұр «жыл құсы».
Үні жұмсақ уылжып,
Тілі майда мақтадай,
Кел, кел бері, кел дейді.
Біздің топқа тоқтамай.
Алтын күннің астында,
Шарықтайтын қосылып,
Бірге жүріп бір тұрып,
Ұшайық дейді жосылып.
Еңбекшінің мұң күйін,
Шаруаның тілегін,
Кез келгенге сатылып,
Жалын шашқан жүрегін.
Ел ішінде қарындас,
Күңшілікте қалмасын,
Елге аралас, үгіт шаш,
Алдағанға нанбасын.
Бұл – тіршілік, бұл – бірлік,
Мәдениет үлгісі,
Ойран салып ортаға,
Ой таратпақ жыл құсы.
Таң астында талпынған,
Жыл құсымыз көркейсін,
Гүлін шашып иіліп,
Ғылым-білім еңсесін.
Уылжыған үнімен,
Күңірентейік даланы.
Елге тартып біртіндеп,
Жақындатып қаланы.
Белсенділер шығарып,
Шаруа еңбекші ішінен,
Жемісті жейік қол созып,
Адал еңбек күшімен.
Көбіміз бір қолда ту,
Тілегіміз бір кісі.
Ат салайық көркейтіп,
Жылмен бірге «жыл құсы»
Тоқмағамбетұлы Асқардан
25.11.1933 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу