Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  301


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҚАСҚЫР МЕН ҚОЗЫ

Бұлаққа су ішуге келді қозы,
Жанында серігі жоқ жалғыз өзі.
«Бөрі жоқ десең шығар бөрік астынан»,
Пәле мен қаза алыс па келсе кезі.
Қаңғырған тамақ іздеп бір аш бөрі,
Қозыға жетіп келді жайнап көзі.
Жемекке кінә қойып сол арада,
Жалағып міне қасқыр айтқан сөзі.
«Сен қозы текке қарап жүре алмайсың»,
Соқтықпа маған десем, тіл алмайсың.
Мойныңды қазір жұлып алайын ба!
Суымды неге былғап ылайлайсың!
Қозы айтты: Қасқыр, тақсыр, тоқта азырақ!
Тергеңіз кінәм болса «әділ бір-ақ»
Ізіңіз жатқан жерден төмен келіп,
Іштім мен жүз қадамдай қашығырақ.
Бұл жерден ең аз болса бір жүз қадам,
Мүмкін бе абайлауға осы арадан!
Сіз түгіл өзгеге жоқ қиянатым,
Не шара, жеткен болса бүгін қазам?!
«Бекер ме?– қасқыр айтты,– менің сөзім,
Білесің жалғаншы деп кімді өзің?
Әкеңді алдыңдағы танымапсың?
Бала, сен байқап қара ашып көзің!»
Осындай сөздер мені күлдіреді,
Десем де шыдаймын-ау етіп төзім.
Есімнен өле-өлгенше кете қалмас,
Былтырғы осы арадан сөккен сөзің.
«Кезек бер біразырақ сөзге, тақсыр!
Келемін жарты жасқа күзге, тақсыр,
Жаралып дүниеге биыл келсем,
Тиемін былтыр нағып сізге, тақсыр?»
«Ол ендеше сен болмасаң сенің ағаң,
Ойларың мені жоймақ келсе шамаң,
Ит болсын, қойшың болсын, қожаң болсын,
Жауыздық ойлайсыңдар бәрің маған».
«Нансаңыз ағам да жоқ, інім де жоқ,
Уа ғайри нашарлықтан мінім де жоқ,
Нақақтан мені, тақсыр, күйдіресіз,
Жауыздық сізге ойлаған күнім де жоқ».
«Ол саған әлде күйеу, әлде құда,
Сүймейді қой атаулы мені жүдә,
Иә бөлең, иә жиенің, иә нағашың,
Әйтеуір саған ұқсас еді о да!
Қой заты талай зәбір берді маған,
Соларын менде істеймін енді саған.
Кегімді қойдан алмай кімнен алам,
Тауыспа ол деп, бұл деп сөзді оған».
«Тақсыр-ай! Еш жазығым жоқ қой менің!
Зәбір ғой біреу үшін күйдіргенің»,
«Үндеме, жетер! Қазір рұқсатым жоқ,
Тұруға ақ-қараңды айырып сенің.
Алыпсың жаман әдет қарсыласып,
Сенімен тұрам ба мен мылжыңдасып,
Айтайын білгің келсе, қозым, саған,
Кінәң сол жегім кеп тұр қарным ашып».
Шошынды қозы байқұс құлқын танып,
Құтылар білгенменен мұнан не ғып?!
Болсын ба қозы жұмыс қасекеңе,
Жөнелді иығына салып алып.
Орманға қасқыр кетті қозыны алып,
Белгілі етер ісі алып барып,
Осындай жазықсызды жазғыратын,
Әр жерде күштілерде бар ғой қалып.
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі,
Нашарды талай адам талап жеп жүр,
Бөріден артық деймін оның несі.
Байтұрсынұлы Ахметтен
15.06.1932 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу