Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  117


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ӨЛІМ ТУРАЛЫ

Жан тоймас жабайы сөз жай кеңеске,
Қай күн көрсең түседі өлім еске.
Тәніміз бүгін сау дүр, жан саламат,
Мағлұмсыз бары-жоғың ертең кешке.
Адамның басы жұмыр, көңілі надан,
Жаралған осылайша пенде емес пе.
Әуелі Адам ата жаралғаннан,
Тірі адам жетер ме екен бұл үлеске.
Жөнеліп халық алды кетіп жатыр,
Жетерміз біз-ақ барып ертең көшке.
Пендеге бұдан жуық нәрсе бар ма,
Ажал – апаң, өлім – бір жезде емес пе?
Армансыз ақылды адам болам деме,
Ажал – оқ, арқан ұшы қолда емес пе?
Тірлік алыс, ажалың бір емес пе,
Өкініш өткен өмір жел емес пе?
Дүниеде рахат-мехнат көргеніңіз,
Бір зайғы ағып кеткен тер емес пе?
Әулие-әнбиелер өткен неше,
Әрбірі әр пенденің бірі емес пе?
Пайғамбар хақ саруары көрген өлім,
Бола ма сол өлімді төлемеске.
«Бере көр өлсем иман» деп батаңды,
Алладан мүмін мұсылман тілемес пе?
Ақ өлім алыс сапар жол емес пе,
Тар қабір тоқтар жерің сол емес пе.
Мойныңа өле-өлгенше парыз болған,
Екі сөз обал-сауап тіл емес пе?
Рахат жұмақ сарайы мекеніңіз,
От тамұқ ғазаб орны құр емес пе.
Тұрғанда жан кеудеңде қыл құлшылық,
Ол – Алла әмірі үлкен сол емес пе.
Ізбасұлы Әбдірахманнан
07.05.1932 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу