Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  87


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

Көріп тұрып, жете алмау — қорлық екен...

Көріп тұрып, жете алмау — қорлық екен...
Сен неге маған сонша сендің екен...
Қайта-қайта қайрылып қарағанмен,
Ол күндер оралмайды-ау, енді, көкем.
Күн түсер жағы едің-ау сен ғаламның,
Ал мен көзім қарығып...
Қалмағанмын.
Енді, міне, сол сәтке бастап барар,
Үзік-үзік ойларды жалғаған кім...
Көп жүк артып, жүректі жауыр етем...
Көрініп жүргенің де тәуір екен...
Сезімге емес, сеніп ем ақылыма,
Ақылдың салмағы тым ауыр екен.
Бара жатқан жолымен, жөніменен,
Өткен күнді белгілеп өмір-өлең,
Ұйықтай алмай жатамын...
Көз ілінсе,
кірпігі дірілдеген сені көрем.
Көп, әйтеуір, бұл күнде сабылысым,
Еңбек етем, әрине, «халық үшін...»
...Тек ұйқым дұрыс болмай қалған күні,
Өлең боп оянады сағынышым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу