Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  104


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ХАТ

Біз екеуміз ұмыттық сол күндерді,
Жалаңаяқ бұлт кешкен зеңгірлерді.
Айдынына аққудың қанатымен,
Атымызды жаздырған мөлдір көлді.
Кеудеден алаулаған от өшіріп,
Не таптық бұл өмірді жеке сүріп?!
Бір бақытты іздеумен аласұрдық,
Шын бақыттың қасынан өте шығып.
Тоқтата алмай тірліктің өкпек көшін,
Күн еңкейіп, тағы бір жетпек кешім.
Ақ қайыңдар біртүрлі мұңаяды,
Екеуміз де ақылды боп кеткесін.
Дидарында қылығың, көркің қалған,
Жетектейді ұры-уақыт бал күнді әрман.
Қорқатындай аққулар...
Атымызды
Өшіргісі келетін толқындардан.
Мұратына жете алмай шерлі өлеңі,
Тоқтағанда тірліктің дөңгелегі.
Сені көрдім дермін мен бұл жалғанда,
Көрмедім деп айтпассың сен де мені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу