Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  52


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ДәУРЕН

Күн – жалғыз,
Бiз екеумiз қайықтағы,
Жағадан жамырайды Жайық талы.
Мамырлап суға қонған көктiң бұлты,
Манаурап ұйқысынан айықпады.
Иiннен сусып түскен орамалды
Жұмарлап жуас толқын орап алды.
Ескектен шашылған су моншақтары
Бетiңе бiр-бiр күн боп қона қалды.
Жайықтың шортаны, әлде қасқалдағы,
Шошытты шолп етiп су шашқандары.
Жағада жаққан оттың көк түтiнi
Ақ бұлтты арқандап тұр аспандағы.
Бас қосқан бiр қайықта тағдыр айдап,
Бiздерге өзен өзi мөлдiр айғақ.
Өшiрдi айдындағы бейнемiздi
Бiр ұшы бұрымыңның салбырай қап.
Жатты су үнсiз жалғап мәңгi көшiн,
Жел тынып,
Демiн үнсiз алды бесiн.
Отырмыз жалғап бiз де жiбере алмай,
Таусылған табиғаттың әңгiмесiн.
Жазып ем суға сызып есiмiңдi,
Әр әрпiң жазған бетте өшiрiлдi.
Жоғалар суға жазған жазудайын,
Дәурен-ай, тұрлаусыз ба ең осы ғұрлы?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу