Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  85


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТҮСIМДЕ БАЛА БОЛЫППЫН

Түсiме бүгiн кiрдi ауыл,
Түсiмде жүрдiм бала боп.
Басымда ой жоқ зiлмауыр
Жанымда мұң жоқ, нала жоқ.
Пәтерден көшкен пәтерге,
Пендесi емес қаланың,
Тойынған бал мен шекерге
Еркесi екем даланың.
Емшектен шыққан балама,
Жүргем жоқ тiптi сүт те iздеп.
Кiлегей тартқан анама
Тұр екем деймiн «жұтқыз» деп.
Түсiмде қудым көбелек,
Қиналып шабыт қумадым.
«Ақынмын мен, – деп, – керемет!..»
Ешкiмге кiтап жумадым.
Балалық деген осы да,
Ойнаймын, ой да бақпаймын.
Көп iшiп кеткен досыма
Күйiнiп ұрсып жатпаймын.
Жылғада жүзер қайығым,
Жағада жортам бүлкiлдеп.
Тергемес менi зайыбым:
«Түнiмен қайда жүрдiң?..» деп.
Баламын, мiне, түсiмде,
Ысқырып айтам өлеңдi.
Бiлмеймiн тiптi, iсiм не,
Қасiрет, қайғы дегендi.
Шiркiн-ай, қандай ғажайып,
Балаға қайта айналу.
Санаңнан салмақ азайып,
Алаңсыз көңiл жайлану.
Саяхат жасап оралдым,
Балалық деген жұмаққа.
Жатырмын келмей оянғым,
Ояну қажет, бiрақ та!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу