Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  56


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АХУАЛ

Жағымпаз бен жемқорлар жазады заң...
Келе ме оған, келмей ме, қазақ, ызаң?
Жығылғанда жұдырық жей бере ме,
Жаратқанға онсыз да жазалы жан?
Әдiлеттiң ауылы тым шалғайда,
Жете алмасаң жаныңды кiр шалмай ма?
Суырылған қазығы бұл тiрлiкке
Қайта айналып келетiн мұршаң қайда?
Мына қоғам барады қайда беттеп?
Ауылдарды құрта ма пайда жоқ деп?
Табанынан бүр кеткен тұлғаларым
Қай шұңқырға құлатар тайғанап кеп?
Көзге шұқып көршiнiң төңкерiсiн,
Бiле алмадық бағыттың оң-терiсiн.
Қалаулысы халықтың атана ма,
Сыпырғандар жұртының жон терiсiн.
Ұлтым менен ұрпағым бас иетiн
Ұғымдардың ұмытсақ қасиетiн,
Айтылмаған Сөздің де Атасы өлер,
Атасы өлсе – кім жерлеп, тас үйетiн?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу